Новости кино


Дильназ Ахмадиева – танымал қазақстандық әнші әрі актриса. Ол өнер жолына 4 жасынан бастап аяқ басты. Ал қазіргі таңдағы әнші репертуарын орыс, қазақ, ағылшын және ұйғыр тіліндегі әндер құрайды.

Даусының күштілігіне қарап, Дильназды көбінесе әлемдік деңгейдегі Бейонсе және Кристина Агилера сияқты әншілермен салыстырады, оның өнеріне Қазақстаннан басқа да елдердің тыңдармандары тәнті.
Жақында әнші Дильназ Ахмадиева сонымен қатар әйел бақытына қол жеткізді. Жеке өмірі туралы әнші 1tv.kz порталының оқырмандарына айтып берді.

- Сәлеметсіз бе, Дильназ. Сіздің әндеріңізді сүйіп тыңдайтын өнерсүйер қауым "сүйікті әншіміз қайда кетті, немен айналысуда" деп алаңдай бастады.

- Менде барлығы тамаша. Дәл қазір білек сыбана жұмысқа кірістім. Мен өзімнің жан-жарыма арнаған әніме қазір бейнебаян түсіріп жатырмын. Ән "Мен сендікпін" деп аталады. Бейнебаянға үйлену тойымыздың суреттерін кірістіріп жатырмыз. Фотобаян сияқты дүние болмақ.

Махаббат, жарқын болашақ туралы әсем ән. Бейнебаянның режиссері – Фархат Шәріпов. Екінші бейнебаянды да біз Фархатпен бірген Ирина Дубцованың "Енді жоқ" әніне түсірмекшіміз.

Бұл ән Иринаның ешкімге бермей сақтаған дүниесі екен. Бұл әнді сеніп тапсыратын, көңілінен шығатын адамды таппай жүріпті. Иринаның өзі айтқандай, оған менің бұл әнді орындауым ұнап, маған табыстау туралы шешім қабылдапты.

Оның әндері сондай терең, сезімге толы келеді. Эмоционалдық тұрғыдан қабылдау да оңай емес. Сондықтан бейнебаян басқаларынан ерекше болмақ. Оның желісі аса қайғылы, шынайы өмірге жақын оқиғаға құрылады. Оның егжей-тегжейін әзірге айта алмаймын, құқығым жоқ. Сәл кейінірек бәрі белгілі болады.

- Ал қазір бейнетүсірілім жасалып жатқан әннің авторы кім? 

- "Мен сендікпін" әнін менің жарымның ағасы жазып, маған сыйға тартты. Оның аты-жөні – Рустам Әміров. Ол бұл әнді өзінің ақын досымен бірігіп, маған арнап жазды. Сөйтіп, ән пайда болды.

- Жаңа бейнебаяндардан басқа сіздің жанкүйерлеріңіз тағы нендей жаңалықтар күте алады?

- Бірнеше телевизиялық жоба бар. Мен әзірге барлық құпияны ашып айта алмаймын, жақында мен бірнеше телевизиялық жобаларға қатысып, кейбір бағдарламаларды жүргізуім мүмкін. Мені ешқашан бұл салаға шақырмаған еді. Бұл жолы орайы түсті. Менің анам бұрын телеарнада дикторлық қызмет атқарғаннан кейін, "көгілдір экран" мені тартып тұрады.

Өзімді жаңа рөлде сынап көргім келеді. Біздің продюсерлік орталығымыз туралы жаңалығымыз бар. Біз керемет іс-шара өткізіп, оның аясында спектакльдер қоюды жоспарлап отырмыз. Оларға да қатысуым мүмкін. Бұйыртқаны болар. Қазір түрлі бағыттағы мұндай шығармашылық жобалар өте көп.

Қайсысына мойнымды бұрарымды білмей жатырмын. Әйтсе де осы күй – шығармашылық шаршаңқылық маған ұнайды. Және мен жұмыс істеген кезде, ауырмаймын. Ал іссіз қалып, зеріксем, бірден ауырып, жөтеліп, мазам қаша бастайды.

- Жақында тұрмыс құрдыңыз, жарыңыздың кім екені, немен айналысатыны – әлі күнге дейін көпшілікке беймәлім. Мүмкін бізбен бөлісерсіз?

- Жарым – өте жақсы адам, мені қатты сүйеді. Мен де оны қатты сүйемін. Ол – маған Жаратушы жіберген жан, онысы үшін Құдайға мың алғыс айтамын. Оның есімі – Ахмад. Соңғы әрпі - "Д" (күледі). Ол жеке бизнеспен айналысады. Шағын ғана. Бұл тақырып ғаламторда көп талқыланады.

Біреулер оны бизнесмен десе, басқалары оны жоққа шығарады. Бизнесмендердің түр-түрі бар. Ол жас әрі болашағы зор. Бұл өте маңызды. Қазір миллиондап таппағанмен, болашақта өз қызмет аясының белді өкіліне айналатынына сенімім мол.

Ол өз ісімен айналысады және бақытыма орай, шоу-бизнеске еш қатысы жоқ. Және бастысы – маған толықтай сенім білдіреді. Сондықтан да біз бір-бірімізді емеуріннен түсінеміз. Отбасының да беріктігі осыған байланысты.

- Үйленгенге дейін қанша уақыт кездестіңіздер?

- Тойымызға дейін біз 9 ай бойы кездестік. Ең алғаш рет үйлену туралы әңгіме отбасылық кеште, үйде қозғалды. Онда неке сақинасы да, басқа да дүниелер туралы сөз болған жоқ. Ол көңіл толқытарлықтай күйде айтылғаны соншалық, мен бірден ойланатынымды айттым. Себебі сәл күткізу керек қой (күледі).

Ресми түрде ол маған ұсынысты 4 сәуір күні жасады. "Бәйтеректің" әдетте көлікпен кіруге рұқсат етілмеген жеріне апарды. Бізге милиционер ағайлар жүгіріп келем дегенше, тізе бүгіп, ұсыныс жасап үлгерді. Ауа райы салқындау, желді күн болатын. Менің үстімде күртеше, еш сәнденбегенмін де. Жарымның досы фотоаппараты бар кісіні көзі шалып, "Тезірек түсіріңізші" деп шақырып алды.

Ол жүгіріп келіп, түсіре бастады. Одан кейін біз оған ақша ұсынып, "суреттеріміз қалай шықты?" десек, ол бізге ағылшыншалап: "Мен Эстониядан келгенмін" деп жауап берді. Сөйтсек, ол сол сәтте ештеңені түсінбестен, жалма-жан суретке түсіре бастаған шетелдік адам екен. Айтпақшы, ол кеңдік танытып, бізге суреттерді электронды пошта арқылы жіберді.

- Сіз жеке өміріңіз туралы әңгімелеуден қашасыз. Бұл отбасы мен жұмыстың арасына шектеу қою ма?

- Шынымды айтсам, жарымды жұлдыз қылып көрсетуді мақсат етпеймін. Мен онымен бірге журналдың бетіне суретке түспеймін. Әдемі махаббат хикаясы туралы сұхбаттар да бермеймін. Бұл, ғаламторда кейбіреулер жазатындай, оны бандит немесе түрі ұсқынсыз деп көрсетуге қорыққандықтан емес. Барлығы басқаша.

Жеке өмір деп атының өзі айтып тұрғандай, жеке өмірімнің көпшіліктің талқылауына түскенін қаламас едім. Онсыз да менің жеке басымды талқылап, кейде күйе жағатынының өзі жеткілікті. Менің бұған етім де үйреніп кетті. Менің күйеуім көпшіліктің алдына шыға бергенді ұнатпайды. Ол маған: "Мен сенің атақ-даңқыңның аясында жылтырап көрінгім кемейді" дейді. Бұл – ол үшін жат қылықтар. 

- Білуімізше, сіздің жасыңыз жарыңыздан біршама үлкен. Осыған байланысты қандай да бір түсініспеушіліктер туындамай ма?

Мен Шығыс әйелімін, бір саты төмен тұрамын. Менің ерке қылықтарыма қарамастан, мені игеруге шамасы жетіп жатыр. Мен тік мінездімін және дөрекілік көрсеткенге көне қоймаймын, алайда мен оны сүйемін, оның пікірімен санасамын, сондықтан маған барлығы ұнайды. Ол маған қамал сынды.

- Иә, біздің жас аралығымызда айырмашылық бар. Ол айырмашылықты көп те, аз да деуге келмейді. Менің өз жарымнан жасым үлкен. Алайда бұған байланысты ешбір түйткілдер туындамайды. Тек кейбір тұрмыстық өмірге байланысты тәжірибемді, кей жерде ақылымды қосып жатамын. Ал қалған жағдайда шешімді ол қабылдайды.

Отбасын басқаратын да – ол. Ал мен Шығыс әйелімін, бір саты төмен тұрамын. Менің ерке қылықтарыма қарамастан, мені игеруге шамасы жетіп жатыр (күледі). Мен тік мінездімін және дөрекілік көрсеткенге көне қоймаймын, алайда мен оны сүйемін, оның пікірімен санасамын, сондықтан маған барлығы ұнайды. Ол маған қамал сынды.

- Кішкентайлы болу қазір жоспарыңызда бар ма?

- Әрине, бар, тек қазір алдымда қыруар жұмыс тұр. Алайда келесі жылы біз бұған міндетті түрде арнайы уақыт бөлеміз. Құдай қаласа, барлығы болады. Бұған алдын ала ішкі дайындық керек, не дегенмен өте жауапты қадам ғой. Балам мен жарым, жалпы отбасым өмірімнің мәні болмақ.



















Отзывы