Новости кино



Халықтың жүрегіне қоңыр дауысымен, әуезді үнімен жол таба білген Нұржан Керменбаевтың бұл күні отандық шоу-бизнесте өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан.  Superstar.kz жобасының үшінші маусымында жұлдызы жанған әншінің сахнада жүргеніне биыл 10 жыл толады. Жақында AFISHA.NUR.KZ – ке  "қазақтың қара баласымен"  сұқбаттасудың сәті түскен еді.

Нұржан, білуімізше, үлкен сахнаға шығып, халықпен өнеріңізді бөлісіп жүргеніңізге биыл 10 жыл толмақ.  Осындан он жыл бұрын Нұржан қандай еді? Өз-өзіңізге есеп беріп көрдіңіз бе?

Адам баласы өзгереді екен. Ол кезде Нұржан - жас бала (күледі). Осы уақыт аралығында қуанышты сәттерді де, қайғыны да басымнан өткердім. Қанатым қатайды деп айта аламын. Өнерде, өмірде көп достар таптым. Ең бастысы, өз тыңдармандарымды таптым. 

Мерейтойлық концерт бересіз бе?

Күзде есеп беру концертін бермекшімін. Халықтың алдына шығу үшін үлкен дайындық керек. Сондықтан, көптеген жаңа әндер жазу үстіндеміз. Биімізді, қойылымдарымызды пысықтап жатырмыз. Биыл мерейтойлық концерт көп екен. Мадина Сәдуақасова, Қарақат Әбілдина, МузАРТ тобы сынды қазақ эстрадасы майталмандарының қатарында мен де бармын. Концерттің есте қаларлықтай, шоумен өткенін қалаймын. Көп нәрсе қалтаңның қалыңдығына байланысты ғой.

Мақпал Исабековамен дуэт болып ән жаздырыпсыз. Оны қашан тыңдай аламыз?

Мақпал Исабековамен дуэт орындау бұрыннан ойда жүрген. Сәті түсіп, жақында Мақпал екеуміз ән жаздырдық. Қазір өңделу үстінде. "Айта бермеші" деп аталатын әннің сөзін Ринат Зайытов, әнін жас композитор Данияр Шеңгелбаев жазған. Ол әнді өзіміз қатты күтіп жүрміз. Дайын бола салысымен халықпен бөлісетін боламыз.
 
Арнау тобында қандай жаңалықтар бар? Топтың болашағы туралы не айтасыз?

Арнау тобында жаңалық көп. Біз қазір жаңа әндер жазу үстіндеміз. Ташкент музыканттарымен жұмыс істеп жатырмыз. Кішігірім альбом жасау жоспарда бар. Күзге қарай соның ішінен бір әнге бейнеклип түсірсек дейміз. Дуэттің жаңа бағдарламасын жеке концертімде тыңдарман назарына ұсынамыз. Концерт бағдарламасында "Арнаудың" жеке блогы болады. Топтың болашағына алаңдауға еш негіз жоқ. Біз өзімізді халықтың шынайы батасын алған ұжымдардың бірі деп білеміз.
 

Өнер адамының сырт келбеті үнемі басты назарда жүреді. Сізді басқа жұлдыздардан ерекшелендіріп тұратын бір нәрсе – бас киім (шляпа) киетін әдетіңіз. Бұл әуестік қайдан пайда болды?

Бұл әуестік бала кезден бар деп айта алмаймын. Superstar жобасында стилистер бас киім кигізетін. Сол кезде өзіме жарасатынын білдім, бірақ мән бермедім. Уақыт өте келе ұната бастадым. Қазіргі уақытта қалпақтардан кішігірім коллекциям бар. Сахнаға бас киімсіз шықсам "неге шляпасыз жүрсің?" деген сұрақтар қойылатын боп жүр. Алла қаласа, концертімде жаңа шляпалармен шығамын (күледі).

Тыңдармандарыңызға  айтар тілегіңіз?

Әр отбасына тыныштық пен береке,  бақыт тілеймін. Әр шаңырақтан баланың күлкісі кетпесін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Соғыс болмасын. Баршаларыңызды құшақтап сүйдім. 

Отзывы