Новости кино


 

"О, махаббат", "Арман шағала"  атты әндері арқылы тыңдарман жүрегіне жол тапқан "Меломен" тобы "AFISHA.NUR.KZ" порталында қонақта болып, арнайы сұқбат берді. Жыл басынан бері орындаған әндері хит-шерулерден түспей келе жатқан топтың жаңалықтарын өздерінен естіп-білуді жөн көрдік. 

Бауыржан Есебаев ағамыз сіздерді қанатының астына алып, продюсерлік етеді деп естідік.  Өз ауыздарыңыздан білсек:

Иә, ол рас. Ол кісі шоу-бизнестің қыр-сырын жақсы меңгерген, өз ісінің нағыз маманы.   Сондықтан, бізге басшы болуға өзіміз ұсыныс тастадық. Продюсермен арамызда ешқандай келісім-шарт жоқ. Бауыржан ағаны 2007 жылдан бері танимыз, аға-бауыр ретінде араласып келеміз.  2016 жылдың басынан Бауыржан аға бізге продюсерлік етуде.

Жанна ханыммен бірге жұмыс істеуді тоқтатқандарыңызға біраз уақыт өттті ғой, сол екі аралықта продюсерсіз жүрдіңіздер.  Топ тарап кетпегені былай тұрсын, құрамы еш ауыспаған.  Соның сыры неде?

Оның сыры – мызғымас достығымыз. Төртеуміз о баста дос болып араласып жүрдік. Төртеуміз де ән айтқанды ұнатқан соң, былайша айтқанда, бір салада жүргеннен кейін ойымыз бір жерден шықты. Оның үстіне, үйде көрген тәрбиеміз де, өмірге деген көзқарасымыз да сәйкес еді. Көзге көрінбейтін, төртеумізді ұстап тұрған ауызбіршілігіміз бар. Ең басты нәрсе – мұсылмандығымыз деп ойлаймыз.

Жаңа ән жазсаңыздар көпшіліктің көңілінен шығып, дем арада хитке айналып жатады. Мұнда да бір сыр бар ма? Жалпы, әнді қалай таңдайсыздар?

Әнді төртеуміз ортаға салып таңдаймыз. Соңғы кездері Бауыржан ағамыз ән жазып беріп жүр. Бірауыздан ортақ шешім қабылдаймыз. Ол кісіге дейін де төртеуміз ақылдасатынбыз. Әнші әнді орындаған кезде өзінің жүрегіне жақын болуы керек деп ойлаймыз. Лұқпан Жолдасов, Жарылқасын Дәулет, Ринат Әубәкіров сынды авторлармен көп жұмыс жасадық.

Өнерлеріңізге тәнті жұрт өздеріңізді тойға шақырса, қаншалықты қалтасы қалың болуы керек?

Біз көбінесе, елдің жағдайына қараймыз. Қайсыбір жұрт бізді көргісі кеп, тойына келгенімізді қалап тұрады, бірақ қалтасы көтермей жатады. Осындай кездерде көңіліне қараймыз. Уақытымыз болып жатса, ақшасы үшін емес, көңілі үшін барамыз.  Бірақ арнайы бағамыз бар. Оны директорымыз шешеді.

Той-бизнеске девальвация әсер етті ме? Долларлай есептесесіздер ме?

Біз теңгемен есептесеміз. Тойға дағдарыс әсер етпей қоймайды. Бірақ бұйырған несібе ешқайда кетпейді.  Өз басымызға келсек, той азайған жоқ, жиі шығып тұрамыз. Той – қазақтың қазынасы.

Еліміздің азаматы ретінде қазіргі қоғамдағы қандай мәселеге алаңдаушылық білдіресіздер?

Ең бастысы - ел тыныштығына қауіп төнбесе екен. Табиғи апаттарды былай қойғанда, адамның өзі апатқа айналып бара жатыр. Азғантай ғана халықпыз. Қазақтың саны артса деген тілек бар. Бейбіт заманымыз ұзағынан болса екен. Басқа діни ағымға түсіп, адасып жүрген замандастарымыз қазақ қоғамының тыныштығын бұза алмайды. Ислам дінін жамылып, теріс әрекетке барған кісі мұсылман қатарынан емес екені анық.  Егер қазақ ата салтын сақтап, діңгегінен ажырамаса, қазақты ешқандай жау ала алмайды. 

Жақын аралықта ауылдарды аралап, концерт беру  жоспарда бар ма? Қай өңірден бастамақсыздар?

Күзде концерттік бағдарламамен оңтүстік аймақтарда боламыз. Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарына баруды жоспарлап отырмыз. Шығыс Қазақстан облысының ауылдарын аралауға ниеттіміз.

Шығармашылықтарыңызда болып жатқан жаңалықтармен бөліссеңіздер...

2016 жыл "Меломен" тобы үшін берекелі жыл болды. Әсіресе, шығармашылық тұрғыдан алсақ, осы жылы  үші бейнебаян түсіріппіз. "Сүйгенім бол", "Бота-бота" деген әндерге, жақында "Лаулаймын" әніне клиптер түсті. "Наурыздың жеті дәмі, Меломеннің жеті әні" деген жаңа әндер жинағын ұсындық. Тағы да бір жаңалығымыз, алда төртеуміз туралы фильм түсірмекпіз. Күтіңіздер, бізде қуантатын жаңалықтар көп!

-    Әңгімелеріңізге рахмет!

Отзывы