Новости кино


Қазақтың қай тойында болмасын, Ернар Айдардың әніне билемей қайтпайтынымыз шындық. Қазақи үнімен қалың жұртшылықтың көңілінен шығып, жүрегіне жол таба білген өнерпаз жігіттің өзінен осынау танымалдылық пен табыстың кілтін табу жолдарын сұрап-білудің сәті түсіп отыр.


Ернар, "ұстазы жақсының - ұстамы жақсы" дейді, өзіңді өмірге, өнерге баулыған ұстаздарың туралы айтып берсең, жалпы, бойыңдағы өнерді алғаш байқаған кім?

Өмірдегі ұстазым – әкем деп білемін, ол кісі маған өмірдің ақ пен қарасын ажыратуды үйретті.  Ал, өнерде жол көрсеткен, ақылымен бөліскен қос ұстазым бар – Бауыржан Есебаев және Қуаныш Құрманбаев. Осы кісілер үлкен сахнаға шығуыма септігін тигізді. Жалпы, өзім іштей бойымда бір өнердің бар екенін сезетінмін. Бірақ ешкімге айтпадым. Ең бірінші байқап, мені жетектеген -  ағам Талғат Айдар. "Осы баладан бірдеңе шығады" деп, мені өзімен ертіп Қуаныш Құрманбаев ағамызға алып келді. Содан кейін Бауыржан (Есебаев – ред.) ағамызбен танысып, әрі қарай жұмыс істеп кеттік.

Жұрт әндеріңді "тойға арналған" деп бағалайды, оған ренжімейсің бе?

Біз тойға деп арнайы ән шығармаймыз. Қай ән көңілімізден шығады, соны көпшілік назарына ұсынамыз. Бүгінгі таңда 100-ден астам әнім бар, оның барлығы  той әндері деп айта алмаймын. Оның ішінде дәстүрлі әндер де бар. Шәмші (Қалдаяқов – ред.) ағаның, Ержан Серікбаев ағамыздың әндерін орындаймын. "Тойский" әндер айтасың десе де, ренжімеймін. Оның өзі маған  - абырой. Халық сұрап жатса ғана әнші тойға шығады, шақырмаса үйде отырады. Сөйтіп сөйлейтіндер сол тойға шығып алсын. Айтарым, менде барлық жанрда әндер бар.  Рок десеңіз, оны да тауып беремін.

Әлеуметтік желілерде белсендісің, ғаламтор арқылы айтылған пікірлерді қаншалықты елейсің?

Бірнеше әлеуметтік желілерде тіркелгенмін, қадағалап отырған өзім. Менің  рұқсатыммен ашылған парақшалар да бар. Сайттың жұмысымен әкімші мамандарым айналысады. Өнеріме қатысты сын айтылып жатса, түсіністікпен қараймын.

Шетелге концерт беріп тұрасың ба?

Осы уақытқа дейін Ташкентке үш рет концерт қойдым. Қытайдың сегіз қаласына концертпен бардым. Монғолияда,  Ресейде болдым. Ол жердегі қандастарымыз өнерімнен жақсы хабардар. Үнемі бақылап отырады. 

Осынау табыстың кілтімен бөліссең, аз уақытта қалай танымал болуға болады?

Айтарым, бос сөз сөйлемей, еңбектену керек. "Жағдайымыз жоқ", "ата-анамнан қайыр болмады" деген сияқты сылтау айтатын жастар жүр ортамызда. 12 мүшең сау болса, ештеңеден арланбау керек деп ойлаймын. Қазіргі ұл-қыздар бәліш пісіріп сатуға намыстанады, соны істеп көтеріліп кеткеннен кейін де, айтуға арланатындар бар. Өзім ондай емеспін. Сол себепті, әуелі Алла амандық берсе, ата-анаң аман жүрсе,  одан асқан бақ жоқ -  тек қана еңбектен.

Мейрамбек Беспаев ағамды үлгі тұтамын дейсің, ол кісінің қандай қасиеттерін өзіңе сіңіре білдің?

Мейрамбек Беспаев – қазақтың маңдайына біткен біртуар азамат, әр қазақтың жүрегінен орын алған адам ғой. Сондай танымалдылық пен атақты біреулер көтере алмас еді. Ағамыздың қарапайымдылығы, бауырмалдылығы, білімі мен ой-өрісінің кеңдігі мені тәнті етеді. Осы жақында Астанада өткен кешінен кейін маған ұлттық нақышта жасалған сағатын сыйға тартты. Ініге деген ізеттілігін көрсетіп жатыр.  Кезінде Мейрамбек ағаның қасында отыру арман еді, ол кісіден сыйлық алғаным – зор мәртебе.

Ендігі арманың не?
Арманым – білімді болу. Бірде Бекжан Тұрыс ағамыз: "Өнер адамы барлық нәрсеге икемді болуы,  өзін кез келген ортада ұстай білуі керек", - деп айтып еді. Мен де осы оймен келісем. Содан соң, қазақ еліне тағы да әдемі әндер сыйласам, өнерде өзіндік қолтаңбамды қалдырсам деймін.

Сұқбатыңызға рахмет, шығармашылық табыс тілейміз!

Әңгімелескен: Эльмира Асқарқызы
 

Отзывы