• популярные новости

Новости кино


Қазақ эстрадасындағы белгілі әншілер Баян Нұрмышева және Ерлан Орынбасаров "біргеміз" деп ән салып, сахна сәнін келтіріп жүргеніне біраз уақыт болды. Жұлдызды жұптың тәтті сезімге толы, жүректен кіріп бойды алар әсем әндері халық көңілінен шығып та үлгерді. AFISHA.NUR.KZ порталы өмірде де, өнерде де бір-біріне серік болған қос әншінің сұқбатын назарларыңызға ұсынады.

Фото: xmusic.kz

Екеуіңіздің өмірде, сахнада қалай бас қосқандарыңыз жайлы білгіміз келеді...

Ерлан: Өнерде жүрген соң, біз бір-бірімізді бұрыннан білеміз. Жұбымыз жарасып, отбасын құрдық. Оны біраз жасырдық. Неліктен көпке дейін бұл жаңалықты жасырғанымызға келсек. Екеуміз де халыққа танымал өнер адамдарымыз. Бұл жаңалыққа халықтың біраз шуылдайтынын сездік. Мұны қалай жеткіземіз деп, біраз ойланып жүрдік. Бір хабарыңды ата-анаңа айту үшін де арнайы уақыт керек қой. Не болмаса, маңызды мәселе бойынша ата-анамызбен ақылдасу үшін де батылдығың жетпей жүреді.  Сол сияқты бізге бұл жаңалықты елмен бөлісуге батылдық жетпеді. Бас кезінде жеке-жеке жұмыс жасап жүрдік. Содан кейін бірлесіп концерттер бере бастадық. Бірде халық "неге дуэт болып ән орындамайсыңдар?" деп ұсыныс тастағаны бар.  Біраз жерлерде берген концерттерімізде дуэт ретінде ән айтуымызды өтініп, бізге қолқа сала бастады. Сол кезде халықтың көңілінен шығудың жолын ойластырып, еске түскен бір-екі әндерді орындап, халықтың сұранысын барынша өтеуге тырыстық. Тыңдармандарымыз бізден дуэттік әндер сұрай бастаған соң, осы форматқа баса назар аударып жүрміз.

Ерлан, сіз өнерден ауылы алыс инженер, экономист  мамандығын игергеніңізді білеміз. Баянның кішкентай күнінен музыкаға әуестігі бары белгілі. Жалпы, өнер адамы болам деген шешімге қалай келдіңіздер?

Ерлан: Негізі мектепте оқып жүргеннен бастап өнерге жақынбыз ғой. Түрлі фестивальдарға қатыстым. Бірақ, үлкен өнер жолына түсуіме негізгі себеп болған – өзімнің авторлық әндерім. "Жалғыз аққу", "Ойлама ойламайды деп" сияқты әндерім үлкен өнерге жол ашты. Ән жазамын, сөзін де  жазатынмын. Бірақ,  "Жалғыз аққу" әнінен кейін біраз ақындар сын айтып, ескертулер жасады. Сондықтан әрі қарай әннің сөзін жазуға құлшыныс танытпадым. Алайда, әндерімнің басты тақырыбын, қайырмасын көбінесе өзім ойластырам, ақындарға түзетулер енгізуге, редакторлауға беріп, содан соң халыққа ұсынамыз.

Баян: Кішкентай кезімде өзім қатарлы балалардың барлығы домбырада ойнай алады, гитара тартып, ән айтады деп ойлайтын едім. Мен үшін ол қалыпты жағдай болатын. Сол кезде орыс әншілерінің пластинкалары сәнге айналып тұрған кез еді. Үйдегілер (отбасы мүшелері – ред.) тілім келмей жатса да, естіген әндеріме қосылып, ыңылдап айтып отыратынымды естелік етіп отырады... 5 жасымда алғаш рет гитараны қолыма алдым. Ол уақытта мені гитараға жолатпайтын. Біріншіден, ол біздің үйдің гитарасы емес – ауылдағы жалғыз гитара. Сұрап алып келген соң, "сындырып аласың" деп бермейтін. Кейін, үйде ешкім жоқ кезде тығылып, гитараны үйрендім. Сөйтіп, бір күні ән айтып отырып, үлкен әпкеме ұсталып қалдым. Содан бәрі білетін болды. Мені "музыкаға қабілеті бар, дарынды баланы дамыту керек, ары қарай оқыту керек" деп, әпкем Көкшетау қаласына алып келіп, музыка мектебіне, гитара класына оқуға түсірді. Республикамызда өтетін "Әнші балапан", "Айналайын" секілді балаларға арналған фестивальдарға, конкурстарға үнемі қатысып жүрдім. Мектептен соң консерваторияда Қайрат Байбосынов ағаның класында тәлім алдым. 

Репертуарларыңызда авторлық әндер басым ғой?

Ерлан: Басқа авторлардан да ән аламыз. Көбінесе, өзіміздің әнімізді алып шығамыз. Баян екеуміз орындап жүрген "Біргеміз",  "Жаным" деп аталатын дуэттік әндер де -  өз авторлық әндерім. Былай қарасаңыз, Баян да,  мен де ән жазамыз. Сондықтан, біз әнге үлкен талғаммен қараймыз. Лұқпан ағамыз сияқты композиторлар әндерін ұсынып жатса, қуана-қуана қабыл аламыз. Бізге әндерді жиі ұсынады, бірақ көңілден шықпай жатады.

Бұрында жаңадан ән айтып, өнерге аяқ басқан орындаушылар телевизиялық жобаларға,  түрлі байқауларға бірнеше рет қатысып, атын әрең шығаратын еді. Қазір бір бейнебаяны арқылы танымалдылыққа ие болып жатады. Бұған не дейсіздер? 

Ерлан: "Айтыс", "Тамаша" секілді бағдарламаларда өнер көрсету арқылы белгілі болған әншілер көп. Кейінірек бейнебаян түсіру "мода" болды. Ал, қазір тіпті бейнебаянмен де ешкімді таңқалдырмайсыз. Халыққа бүгінгі таңда бірнәрсені бүлдірсең, біреуді ұрып кетсең, біреумен төбелесіп қалсаң – сол қызық. Солай ғана атың шығатын сияқты. Өйткені, күнде жаңа клип шығады.  Оның өзі сәннен шығып бара жатыр. 

Қазақ эстрадасының басты проблемасы – фонограммамен (плюс) сахнаға шығу. 2000 жылдардың бас кезінде мұның себебін техникалық қиындықтармен байланыстырсақ, қазір техниканың дамыған, ақпараттық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Кейбір мемлекеттерде заңды түрде плюстік  фонограммамен ән орындауға тыйым салынған. Елімізде жанды дауыста ән салуға қандай нәрсе қол байлау болып отыр?

Ерлан: Жоғары деңгейлі концерттерде дыбыс өңдеуші, дыбыс режиссерлері сынды білікті мамандар жұмыс жасайды. Ондай концерттерге бірнеше рет репетиция ұйымдастырылады. Сондай шараларда әншілердің көпшілігі жанды дауыста орындап жүр. Ал, той мәселесіне келетін болсақ, акустика ойдағыдай емес, одан кейін, тойхана иелерінің музыкалық аппаратура жағынан мүлдем хабары жоқ. Оның басына көшеде жүрген әйтеуір даусын шығарып, өшіре алатын біреуді отырғызып қояды. Пульттің басында арнайы білімі бар дыбыс режиссерлері болуы керек. Ондай мамандар жоқтың қасы. "3000 доллардың микрофонын дұрыс шығарып бере алмаса, оның не қажеті бар" деген ой келеді маған. Сондықтан, кейбір әншілер микрофондарын өздері алып, өздері жасақтап жүруге мәжбүр. Ал кейбір концерт ұйымдастырушылары, телевизиялық жоба режиссерлері "плюспен (дауыс жазылған әуен- ред.) айтыңыздар" деп өздері ұсыныс айтады. Жанды дауыста айтатын болса, бір жерінде қате кетіп қалар болса, дубль жазу керектігі түсінікті. Ал оған уақыт тығыз. Бұл – замануи  нәрсе. Оған қатты ренжудің де қажеті жоқ деп ойлаймын. Халық кімнің нағыз әнші, кімнің даусы жетпейтінін бірден байқап қояды. Дыбыс өңдейтін бағдарлама арқылы өзгеріске ұшыраған әншінің даусы мүлдем өз даусына ұқсамай, басқаша шығып тұрады. Сондықтан халық ақымақ емес, бәрін біледі.

Шығармашылық концерт қою жоспарда бар ма?

Баян: Есеп беру концертін қою - өнерге келген барлық адамның үлкен арманы. Бұл біздің де - мақсатымыз.

Ерлан: Жоспарлар бар, бірақ оның бәрін айтсаң, кейде іске аспай жатады. Сондықтан, әзірге айтпай-ақ қояйын. 

Ортақ армандарыңызбен бөліссеңіздер...

Баян:
Өмірде де, өнерде де бірге болғаннан кейін отбасымызға да, шығармашылығымызға да қатысты нәтижелі жұмыс атқарсақ, алға қойған мақсаттарымызға қол жеткізсек деп армандаймыз. Адам баласы болған соң, айналамыздағы барша адамның жақсы өмір сүргенін қалаймыз. Ағайындарымызды, бауырларымызды жақсы жерден,  жақсы ортадан көргіміз келеді. Адамда арман көп. Арманымыз бітпесін. Арман бітпейтіндей ғұмырымыз ұзақ болсын!

Әңгімелескен: Эльмира Асқарқызы

Тағы да оқыңыздар:

Меломен тобы: "Төртеуміз туралы фильм түсірілмек"

"Тойский" ән айтасың десе, ренжімеймін – Ернар Айдар

Нұржан Керменбаев: "Сахнада жүргеніме 10 жыл болды"


Отзывы