Новости кино


19 тамызда Республика сарайында "Марко Поло ізімен" атты халықаралық дәстүрлі этникалық музыка фестивалі өтеді, деп хабарлайды AFISHA.NUR.KZ.

Осыған орай ұйымдастырылған баспасөз конференциясында идея авторлары фестивальдің Алматы қаласының 1000 жылдығы аясында өтетіні туралы хабарлады. 

Фестиваль бағдарламасы бойынша музыкалық спектакль сахналанбақ.  "Бір ерекшелігі - фестиваль қай елде өтсе, басты рөлде сол елдің өкілі ойнайтыны. Орта ғасырларда Азия туралы, оның ішінде қазақ жері жайлы  аса бай географиялық және тарихи мағлұматтар қалдырған саяхатшы Марко Полоның бейнесін сомдау бақыты осы жолы маған бұйырды, - дейді халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов.  

Фестивальге Қазақстан, Иран, Үндістан, Армения, Әзірбайжан және Грекияның дәстүрлі музыканттары қатысады. Қонақ есебінде Франция, Швейцария елдерінен танымал жеке орындаушылар шақырылған. 

Идея авторларының бірі – франциялық Алан Вебер, журналистерге берген сұқбатында Қазақстанда дәстүрлі музыканың әлі күнге өмір сүріп келе жатқанына таңқалысын жасырмады.

Ықылас атындағы халық музыка аспаптары мұражайының директоры Ұлжан Бойбосынованың айтуынша, фестиваль биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр, бұған дейін аталмыш шара Тунис және Ливан елдерінде қойылған.

Фестивальдің ажарын Н. Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық "Отырар сазы" оркестрі мен әр елдің дәстүрлі орындаушыларынан құрылған оркестрлері аша түспек.  

Фестивальдің толық аңдатпасын мына сілтемеден оқи аласыздар.

 

Отзывы