Новости кино


"KZ" тобының экс-мүшесі, әнші Бейбіт Көшқалиев Afisha.nur.kz-те қонақта болып, арнайы сұхбат берді. Топ тарап кеткен соң, жеке шығармашылығына мән берген әнші сахнаға жаңа бейнемен қайта оралды. Әңгіме әнші жігіттің үлкен сахнаға шығуына кімнің ықпалы болғаны, "KZ "тобының тарау себебі, жеке өмірі және қазіргі эстраданың кейбір түйткілдері туралы өрбімек.

Бейбіт, желіде сіз туралы ақпарат өте аз, өнер жолына бет бұрып, үлкен сахнаға қалай келгеніңізді білсек?

Жанұямызбен музыкаға жақынбыз. Әкемнің тойда ән салатыны бар. Ол кезде дауысты компьютермен өңдеу дегенді ешкім білмейді, гитараның сүйемелдеуімен жанды дауыста орындайтын еді. Кішкентай күнімнен соны көріп өстім. Өзімнің музыкалық білімім жоқ, құдайдың берген қабілетін дамытуды қолға алдым. Жолы болып, белгілі музыкант, композитор Болат Кохаманов ағамызды жолықтырдым. Ол кісі мені өзінің шәкірті Ринат Гайсинмен таныстырды. Осы жандармен тығыз байланыста болып, бірге жұмыс жасап, үлкен сахнаға аяқ бастым десем болады.  

Сізді көпшілік "KZ" тобы арқылы танып білді. Әріптесіңіз Рүстеммен сахнада қалай жолығып едіңіздер?

Рүстемді 2002 жылғы республикалық "Жас қанат" байқауынан бері танимын. Екеуміздің басымызды қосып, "KZ" тобын құрып, сахнаға алып шыққан Ринат Гайсин және Нұрлан Абдуллин ағаларымыз.

Топ неге тарап кетті?

Топтың тарау себебінің ешқандай құпиясы жоқ, әр нәрсенің өз мерзімі болады. Тағдыр бәрін өз орнына қояды. Арамызда ешқандай ұрыс-керіс болған жоқ. Рүстеммен сәлеміміз түзу, жақсы қарым-қатынастамыз.

Бейбіт, "Қайтесің өзгені" әнінен кейін атыңыз қайта жаңғырып, әнсүйер қауым ортасында жеке әнші ретінде өзіңіз туралы  жаңаша пікір қалыптасты десек қателеспейміз. Сол әннің бейнебаянынан кейін сізге деген жұрттың қызғушылығы артты. Өзіңіз жайлы айтып берсеңіз, қай жердің тумасысыз?

Мен Атырау қаласында туып-өстім, орта мектепті сол қалада бітірдім. Мектеп кезінен белсенді болдым. Оқушылардың арасында концерт-жарыстарға мені жіберетін.  Ата-әжемнің қолында өскендіктен, әжемді анамдай көріп кеткем.  23 жасымда үйлендім. Отбасым туралы айтқанды ұнатпаймын.

Дегенмен, әлеуметтік желілерге балаларыңыздың суретін салып тұрасыз ғой, әкелік міндетіңізді қалай атқарып жүрсіз?

Үш баланың әкесімін. Үйде көп болмаған соң, келген сайын сағынып қауышамыз. Соған қарағанда жақсы әке сияқтымын. Кейде қатал болсам, кейде мейірімділік танытам, ұрыспай-соқпай, ақылмен тәрбиелеймін.

Әнші болмағанда кім болар едіңіз?

Әнші болмағанда спортта жүрер едім. Бокс, каратэ, муай тай, күрес сияқты төбелеске қатысты спорт түріне жақынмын.

Биге икеміңізді байқадық, үйірмелерге қатысқансыз ба?

Жоқ, ештеңеге қатыспағанмын. Сол уақытта би залына баруға ақша тапшы болды. Оқушы кезімізде үйдегі қыста бос тұратын жазғы сарайдың ішінде дайындалатын едік.

"Түрквижн-2014" байқауына жолыңыз түспепті...

Иә, бара алмадым... Оған еш өкінбеймін. Алдағы уақытта басқа да байқауларға қатысу бұйырып жатар.

Қазақ эстрадасында жүргеніңізге біраз уақыт болды, қандай мәселеге алаңдаушылық білдіресіз?

Қандай саланы алсаңыз да, өз кемшіліктері бар, мінсіз нәрсе болмайды. Журналистердің арасында да ілініп-салынып жүргендерді көреміз. Қазіргі эстрадада мені алаңдатып отырған мәселе - ортамызда "продюсерсымақ" адамдардың көбейіп кеткендігі. Олар - шын мәнінде, музыкадан мүлдем хабары жоқ адамдар. Тіпті, кей "оқыдым-тоқыдым" деген продюсерлері бар әншілердің таңдаған музыкасын тыңдасаңыз, күлкіңіз келеді. Меніңше, әр адам өз мамандығымен айналысуы керек. Содан соң, айта кететін бір жәйт, әнші әр кез  шамасына қарау керек. Әнші Сейфуллин Жолбарыс ағамыздың әкесі айтқан "Балам, бес саусағыңды ауызыңа бірдей тықпа, бәрібір сыймайды" деген сөзі есімде қалыпты. Яғни, "ақшаны қума, қанағатшыл бол" дегені.

Бейбіт, тыңдармандарыңызға қандай базарлық дайындап жатырсыз?

Жастарды тағы да билетемін. "Аяқты қимылдат" деген әніме бейнебаян түсіріп болдық. Жақында телеарналардан көруге асығыңыздар!

Әңгімеңізге рахмет, өнеріңіз өрге жүзсін!

Сұхбаттасқан Эльмира Асқарқызы.

Тағы да оқыңыздар:

МАРЖАН АРАПБАЕВА: Мені дер кезінде орныма қойған - анам

Ерлан Орынбасаров және Баян Нұрмышева: Дуэттік әндерімізге сұраныс көп

"Тойский" ән айтасың десе, ренжімеймін – Ернар Айдар

Отзывы