Новости кино


 

Қазақ эстрадасындағы жарық жұлдыздардың бірі, Кеш You тобының бұрынғы солисі Мөлдір Әуелбекова AFISHA.NUR.KZ  порталына сұхбат берді. Әңгімемізден әншінің жастар тәрбиесіндегі жұлдыздардың рөлі туралы көзқарасын біліп, арманға қол жеткізуінің өзіндік жолымен таныс бола аласыздар.

 

Мөлдір,  жазғы демалысты қалай өткіздіңіз?

Жаз демалысын шетелде емес, өз елімізде өткізуді ұйғардық. Әр аймақта, әртүрлі демалыс орындарында болып, шетелден кем түспейтін табиғатымызда жақсы тынығып қайттық.

Жолдасыңыз сіздің шығармашылығыңызға, жалпы өнерге қалай қарайды?
 
Жолдасым менің 10 жыл осы салада білім алып, 12 жылдан астам уақыт еңбектеніп келе жатқанымды толық түсініп, үлкен қолдау көрсетуде.

Ел алдында жүрген соң, сіздің сырт келбетіңіз үнемі назарда жүреді. Сахна киімдеріңізді тыңдармандарыңыз жоғары бағалайды, көйлектерді қайдан аласыз? 

Саxна киімі әнге байланысты таңдалады. Яғни, әнді xалық құлақпен тыңдап, киген киімді көзбен көріп, екеуі бір-бірімен үйлесіп жалпы образ қалыптасуы тиіс. Арнайы отандық дизайнерлердің көмегіне жүгініп тіктіртемін, не болмаса каталог арқылы шетелдік бренд дүкендерінен тапсырыспен алдыртамын. 

  

Әлеуметтік желілерге деген көзқарасыңыз қандай? Ондағы сын-пікірлерді көңіліңізге аласыз ба?

Әлеуметтік желінің пайдасы да, зияны да мол. Тұтынушы өзі таңдайды, керегін алып керексізінен бас тартуы қажет. Мен инстаграм желісінің қолданушысымын. Парақшамды өзім жүргіземін. Халықтың пікірімен санасу керек деп ойлаймын. Әрине, есті сынды қабылдап, ессізіне мән бермеуге тырысамын. Оқырмандарымның сұрақтарына қолымнан келгенше уақыт тауып  жауап беремін. Бір қадам тыңдармандарыма, қолдаушы xалқыма жақын болғаныма қуанамын.

Мақсатшылсыз ба?

Мақсатшылдан бұрын, арманшылмын. Мені армандар жетелейді. Арман мақсатқа, мақсат жоспарға, жоспар іске асып жатады.

Көпшілік қауым жұлдыздардың өнерінен гөрі, жеке өміріне қызығушылық танытады. Жұлдыз болудан жалыққан сәттер болды ма?

Халықтың, яғни, өнер адамы болғандықтан, жалығудан сақтасын. "Жалықтым" десем xалықтан жалыққандай боламын. Тәубемен жүріп, әрдайым сабыр етемін. Қайта осы абыройымнан айырмасын деп тілеймін. Жеке өміріммен бөлісуден қашқан емеспін. Қайта қуанышыма ортақтасып, жылы лебіз білдіріп, тілектерін жаудыртып отырған жандардың жылулық сезіміне бөленгеннің өзі бақыт емес пе... 

Бос уақытыңызда кітап оқитыныңызды білеміз. Соңғы оқыған кітабыңыз қандай?

Тұрмыстағы келіншек болғалы, көбінесе отбасы туралы кітаптарға қызығамын. Соңғы оқыған кітабым - "Ислам Жанұясы". 

Қазір нарық заманы, жеке кәсіп бастау ойыңызда бар ма?

Нарық заманында жеке кәсіппен айналысу жоспарда тұр. Бірақ, қай саланы қамтитынын әлі шешкен жоқпыз. Жолдасым кәсіпкер, сол себепті, отағасының ақылына жүгінетін боламын. 

Қазақ эстрадасы қайда бара жатыр? Шетелге еліктеушілікке қалай қарайсыз?

Әр болып жатқан кезеңге оң көзқараспен қарауға тырысамын. Бұрынғы эстрадамызбен салыстырғанда көш ілгеріміз. Кезінде әндердің, телебағдарламалардың басым көпшілігі орыс тілінде болды. Қазір, шүкір, тек орыс тілінде ән шырқаған қандастарымыз қазақ тіліне қарай ойысты. Бағдарламалар түгілі, жаңа арналар ашылып тіліміз музыка арқылы дәріптелуде. Әрине, мәнсіз-мағынасыз әндер көбейді, әншілер де аз емес. Дегенмен, xалық өзі таңдап, керегін сараптап алады. Қалғаны уақытша ғана, өткінші болып қала береді.    

Қоғам тәрбиесінде әншілер қауымы өзіне жауапкершілік алуы тиіс пе?

Қазіргі еліктегіш заманда, қоғам тәрбиесінде біздің кішігірім рөліміз бар. Жауапкершілікті сезінуге тиіспіз. Ғаламтор дамыған уақытта, жастардың басым көпшілігі біздің өнерімізбен қатар өмірімізді бақылауда. Бізден көргеніне қызығуы мүмкін. Сол тұрғыда, ашық киіну, ерсі сөйлеу, мәдениетсіздік таныту сияқты дүниелерге жол бермеуіміз керек. Иә, ХХІ ғасырда ашық киінуде тұрған не бар деген пікірлер де аз емес. Дегенмен, ең әуелі дініміз - Ислам, тегіміз - қазақ екенін ұмытпағанымыз абзал.

Сұхбатыңызға рахмет, Мөлдір!


Тағы да оқыңыз

Индира Расылхан: Сахнаға сағындыртып шығатын әншімін
Бейбіт Көшқалиев: Эстрадада продюсерсымақтар көбейіп кетті 

Отзывы