• популярные новости

Новости кино



Ұлттық намыс пен жігерді оятатын рухты әндерімен қалың жұртшылықтың көңілінен шыға білген  "Алашұлы" тобы Afisha.nur.kz порталында қонақта. Көптен бері көпшілік назарына ілінбей жүрген жігіттердің шығармашылығында болып жатқан жаңалықтармен таныс болыңыздар.


"Алашұлы" тобы қазақ эстрадасына жаңа леп алып келді деп айта аламыз ба?

 Біздің мақсатымыз эстрадаға жаңа леп алып келу болған жоқ. Ұлттың руханиятына, халықтың сұранысына қажет дүниелерді жасап, ұлттық өнерді қолдасақ, жалындатсақ деген оймен еңбектеніп жүрміз. Үкіметіміздің жүргізіп отырған саясатынан бөлек, руханият деген нәрсе бар. Бұл да кәдімгі кішкентай бала сияқты. Ол бірде ауырады, бірде жақсы боп кетеді. Оған жанашырлық танытып, қолдау көрсету керек. Біздің топ болып эстрадаға келудегі негізгі мақсатымыз қазақтың жыраулық дәстүрін, термелерін бүгінгі заманауи сұранысқа лайықтап, оның үстіне биімізді қосып, костюмдерімізді образға сәйкестендіріп, қазақтың өнеріне тамшыдай болса да үлесімізді қосу. "Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан" дейді ғой Абай атамыз. Жалпы патриоттық тақырыпта әндер жазып, сахнаға алып шығуға екі түрлі себеп болуы мүмкін. Біріншісі – шынайы ниетімен ұлтына қызмет ету себепті. Екіншіден,  нарықта халықтың сұранысы бар екен, осы арқылы жақсы ақша табуға болады деп шығуы мүмкін. Біз соның біріншісіне жатамыз. Яғни, үшеуміз де қазақтың қарапайым отбасынан шығып, қазақы тәрбие, қазақы білім алған, елін-жұртын сүйетін азаматтардың біріміз.

Осыдан 3-4 жыл бұрын дүркіреп тұрған "Алашұлының"арыны қазір неге бәсеңсіп қалды?

Жоқ, олай емес. Жұмыс істеп жатырмыз. Қазақтың чемпиондары, олимпиадаларда еліміздің намысын  қорғап жүрген ұл-қыздарына арнап жазылған Жарылқасын Дәулет ағамыздың "Батырлар ұраны" деген әніміз бүкіл Олимпиада кезеңінде Хабар арнасының эфирінен халыққа тарту етілді. Жақын арада музыкалық арналардан тұсауы кесілуі керек. Әндерімізді бір альбом ретінде жинастырып жатырмыз. Осы айдың соңында Павлодар облысына гастрольдік сапар басталады. Үлкен-үлкен аудан орталықтары мен қалаларында концерт береміз. Бір жағынан, сіздің "неге Алашұлы тынышталып қалды?" деген сұрағыңыз орынды шығар. Осы жылдың басында "Мейірім" деген әнімізге бейнебаян түсіріп халық назарына ұсынған едік. Алайда халықтың қазіргі сұранысын түсіну қиын, өкінішке орай.

Неліктен?

Сол бейнебаян 300-ге жуық пікір жинады. "100 пайыз қолдаймыз", "керемет, осындай бейнебаяндар шықса" деген сияқты тілектер жазылды. Бірақ, оның YouTube желісіндегі қаралымы салыстырмалы түрде азырақ. Болмашы нәрселердің кең, әрі тез таралып кететіні қынжылтады. Бұл айтып отырғаным - наз емес, неге халық сондай дейтіндей емес. Алайда, туннельдің соңында жарық сәуле бар екені белгілі. Ертең бейнебаянды көрген кезде өзіміздің ұрпағымыздан, өнерге келген ізбасарларымыздан ұялмайтындай болсақ жетіп жатыр. 

Репертуарларыңызда осы күнге дейін қанша ән бар?

25 әндей бар.

Барлығы патриоттық тақырыптағы әндер ме?

Иә, отанды сүю тақырыбындағы әндер, халық әндері, термелер бар.

Бағыттарыңыз өзгермейді ғой?

Топтың алған бағытынан ауытқымаймыз. Ал,үшеуміздің біріміз жеке шығармашылықта махаббат жайында ән айтқымыз келсе, неге болмасқа?

Әндеріңіз осы сипатта болғандықтан сіздерді тойларға көп шақыра бермейтін шығар?

Сұраныс жоқ емес, Аллаға шүкір. "Алашұлы" тойға алғыс айтады (күледі). Топ боп құрылғанда сарыауыз балапан едік. 1-2 курс оқып жүріп, ең алғашқы әніміз "Қара жорғаны" жаздық. Тойға шықтық. Сұраныс өте жақсы болатын. Соның арқасында "Жарапазан" деген әнімізге бейнебаян түсірдік. Ішіп-жеуге емес, тапқан-таянғанымызды керісінше сол топтың жұмысына салатынбыз. Қазір де сұраныс жаман емес. Бірақ анау айтқандай мәз емес.

Тыңдармандарды салыстырсақ... Шетелдерге барып, ән айтып жүрсіздер, ондағы халық этно-топты қалай қабылдайды?

Түркияда, Үндістанда Ресейде болдық, бір қарның ашатыны шетелдік тыңдарман ұлттық нақыштағы музыканы жақсы қабылдайды. Қазақта да бар әндерімізді сүйіп тыңдайтындар. Алайда, шетелдік көрермен риясыз қуанып, қошемет көрсеткенде төбең көкке бір елі жетпей қалады екен. 

Сұхбат бергендеріңізге алғыс білдіреміз!
 

Тағы да оқыңыз:

Мөлдір Әуелбекова: Абыройымнан айырмасын деп тілеймін

Индира Расылхан: Сахнаға сағындыртып шығатын әншімін

Отзывы