Новости кино


ST brother’s – Қазақстан эстрадасына жаңа бағыт алып келді деп айтуға толық негіз бар. Дәстүрлі қазақ әндерін джаз стиліне салып орындап жүрген ағайынды Серік пен Тоқтарды қолдағандар да, көңілі толмай, қарсы пікір жолдағандар да болды. Не десек те, әрқашанда жанды дауыста өнер көрсететін жігіттер өздерін "музыкаға адалмыз" деп есептейді.  Модерн этно-джаз бағытын ұстанған ST Brother’s дуэті осы жанрды елімізде жандандырсақ деген ниетте.

AFISHA.NUR.KZ: ST brother’s дуэті қалай дүниеге келді?

ST brother’s: ST brother’s  тобы 2012 жылы құрылды. Бауырым екеуміз бұл жобаға ұзақ уақыт дайындалдық. Тіпті, оған ата-анамыздың қосқан үлесі зор. Бесікте жатқан бізге композитор Ғарифолла Құрманғалиевтің әндерін тыңдатып қояды екен.  Содан екеумізді музыкалық мектепке берді. Сол кездің өзінде  домбыра шертіп, ән айттық, музыкаға ерте араластық. Дәстүрлі әнмен сусындап өскен балалармыз. Ал, консерваторияда өзге де музыкалық аспаптарды меңгеріп қана қоймай, оларды зерттедік. Консерватория қабырғасында оқып жүріп, джаз бағытына қызыға бастадық. Кішігірім концерттерде джаз шығармаларын ұлттық аспаппен ұштастырып халық назарына ұсындық. Бірте-бірте бізге деген қызығушылық артты десек болады. Ұлттық аспаптарымызды әлемдік деңгейге шығарудың жолы осы джаз деп біліп, оған заманауи ырғақ қосып, модерн этно-джаз бағытындағы жаңа топ болып қалыптастық.

AFISHA.NUR.KZ: Ал, қазіргі продюсерлеріңіз Карина Сәрсеновамен қалай жолықтыңыздар?

ST brother’s: Ол кезде республикалық телеарнаналардың бірінде өз күшімізбен түсірілген бейнебаянның ротациясы жүріп жатқан болатын. Карина ханым музыкадағы жаңалықты сезген шығар, бірден біздің еңбегімізге көзі түсіп, кездесуге шақырды. Шығармашылығымыз көңілінен шығып, 2013 жылы бірге жұмыс істеуге ұсыныс жасады.

AFISHA.NUR.KZ: Жаңа жанрды алып жүруде қиындықтар болды ма?

ST brother’s: Әрине, ондай болады. Жаңа болған соң, қабылдағысы келмейтін жандар болады. Біздің өнерге көптеген сын айтылды. Ол түсінікті. Джаз жанрының өз майталмандары бар, дәстүрлі ән өнерінің өз мықтылары бар. Жаңа дүниеге күмәнмен қарағандар да болды.

AFISHA.NUR.KZ: Өз тыңдармандарыңызды қалыптастырып үлгердіңіздер ме?

ST brother’s: Иә, біздің шығармаларымызды жаппай сүйіп тыңдамаса да, өз тыңдармандарымыздың қатарын қалыптастырдық.  Елімізде ғана емес, бір қуантатыны, шетелде де біздің әндермізді ұнататын жандар бар. Олар бізге жақсы пікірлерін білдіріп, жетістіктерімізбен құттықтап жатады.

AFISHA.NUR.KZ: Серік пен Тоқтар сахнадан тыс уақытта да бірге жүре ме, әлде...

ST brother’s: Иә, иә, екеуміз бір үйде тұрамыз, бірге жүреміз.

AFISHA.NUR.KZ: Келіспеушіліктер туып қалмай ма?

ST brother’s: Ондай-ондай болып тұрады. Бірақ екеуміздің қуатымыз – сол ағайындылықта. Екеуміз қанша сөзге келмей қалсақ та, бір-бірімізге кешіріммен қараймыз.

AFISHA.NUR.KZ: Қыркүйектің соңында Карина Сәрсенованың "Подпись" деп аталатын мюзиклінің премьерасы күтілуде. Серік онда режиссерлік жіне композиторлық қырынан танылмақ. Сол туралы өзіңіз айтып берсеңіз...

ST brother’s: "Подпись" екінші авторлық мюзикліміз. Бұл жобада мен композиторлық және режиссерлік қырымнан да ашыла түспекпін. Тоқтар екеуміздің актерлік өнерімізді тамашалай аласыздар. Былтырғыға қарағанда өсу байқалады өзімнен. Мюзиклде 12 музыкалық композиция бар. Бұл жолы біз этно жанрдағы музыкаға басымдық бердік. Алдын-ала ашып айтпай-ақ қояйық. Көрермен өз бағасын бере жатар.

AFISHA.NUR.KZ:  Сұхбат бергендеріңізге алғыс білдіреміз. 

"Подпись" мюзиклін 30 қыркүйекте Ғ. Мүсірепов  атындағы  Қазақ  мемлекеттік академиялық балалар  мен  жасөспірімдер  театрының сахнасынан тамашалай аласыздар.

Отзывы