Есмұхан Обаев

Дата рождения: 23 июня 1941
Место рождения: Алматы, Казахстан

Обаев Есмұхан Несіпбайұлы,
театрдың көркемдік жетекшісі әрі директоры

Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері,
Қазақстанның халық артисі,
«Тарлан» сыйлығының лауреаты,
«Парасат» орденінің иегері, профессор,
Қазақстан Театр Қайраткерлері одағының Басқарма мүшесі
Түркітілдес елдер Ұлттық театрлары Директорлар кеңесінің мүшесі

1941ж. 23 маусымда Алматы облысы, Кеген ауданы (қазіргі Райымбек ауданы), Кеген ауылында дүниеге келді. 1960ж. Кеген ауылындағы орта мектепті бітірген.
1960-1964жж. Қазақтың Мемлекеттік Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясының театр факультетін режиссура мамандығына бойынша оқып, үздік бітіріп, алғашқы «Ромео мен Джульетта» (Шекспир), «Әке тағдыры» (Б.Жәкиев), «Жомарттың кілемі» (Ә.Тәжібаев) қойылымдарын Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы театрда сахналады.

1965-1967жж. Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қоюшы-режиссер. Алғашқы «Жаяу Мұса» (З.Ақышев), «Боран» (Т.Ахтанов), «Көзілдірік» (Б.Майлин) қойылымдарында режиссерлік жақсы қабілетін танытып, өнерсүйер қауым мен БАҚ-та жақсы баға алды. Жас режиссер шеберлігін шыңдай түсу үшін Қазақстанның Мәдениет министрлігі Коллегия алқасының шешімімен Мәскеудегі М.Горький атындағы академиялық театрына (МХАТ) қоюшы режиссер-стажер мамандығы бойынша екі жылдық жоғарғы курсқа жіберілді.
1968-1970жж. МХАТ-та КСРО халық артистері, профессорлар М.Н.Кедров пен И.М.Раевскийден дәріс алып, олардың «Ревизор» (Н.Гоголь), «Сүйікті алдамшы» (А.Тур) қойылымдарында режиссер-стажер болды.

1970-1972жж. Қазақтың Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында қоюшы-режиссер. Шығармашылық үлкен ізденісте болған осы жылдары Б.Майлиннің «Шұға», С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат», «Қашқар қызы», «Ботагөз» , М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн», Ә.Әлімжановтің «Махамбеттің жебесі», Қ.Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек», тағы басқа пьесаларды қойып, үлкен ізденімпаздығы және батыл режиссерлік шешімдерімен ерекшеленген талантты буынның көшбастары дәрежесіне көтерілді. Ұлттық және дүниежүзілік классикалық туындыларды: «Манастың ұлы Семетейді» Қырғыз Мемлекеттік академиялық драма театрында, М.Әуезовтің «Қарагөзін» Ош облыстық драма театрында, «Абайын» Ыстықкөл облыстық драма театрында, М.Ғаппаровтың «Тұзды шөлін» Қырғыз Мемлекеттік Жасөспірімдер театрында табысты сахналады.
1972-1992жж. Республикадағы ежелгі өнер ордаларының бірі Семей облыстық Абай атындағы музыкалы драма театрында көркемдік жетекші болды. Бұл жиырма жыл оның батыс, орыс, қазақ классиктерімен қатар бүгінгі күн драматургтерінің пьесаларын сахнаға шығарған айшықты кезеңі. Н.Гогольдің «Үйлену», «Ревизор», М.Горькийдің «Шыңырау түбінде», У.Шекспирдің «Асауға – тұсау», Ғ.Фаизидің «Башмағым», С.Құдаштың «Құдаша», У.Гаджибековтің «Аршын-мал алан», О.Иоселианидің «Арбаң аман болсын»; ұлттық классикадан М.Әуезовтің «Абай», «Қарагөз», «Айман-Шолпан», «Еңлік-Кебек», «Дос - Бедел дос», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Ақан сері-Ақтоқты», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», , С.Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» пьесаларын, Е.Рахмадиев, Ғ.Мүсіреповтің «Қайран, Майрасын», сондай-ақ Т.Ахтанов, С.Шаймерденов, Қ.Мұхамеджанов, Ә.Тарази, С.Жүнісовтердің драмалық шығармаларымен қатар, драматургияға 1975-1990жж. келген жас буын өкілдері О.Бөкеевтің «Құлыным менің», «Зымырайды поездар», Д.Исабековтің «Әпке», «Перизат», Т.Нұрмағамбетовтің «Ескі үймен қоштасу», Н.Оразалиннің «Тас киіктер», Р.Сейсенбаевтың «Өзіңді ізде», «Қазбектің оралуы», «Түнгі диалог», Б.Мұқайдың «Сергелдең болған серілер», «Қош бол, ертегім!» пьесаларының тұңғыш қойылымдарын сәтті жүзеге асырып, рухани айналымға түсірді.

1992-1995жж. Қазақтың Мемлекеттік Т.Жүргенов атындағы Театр және Кино институтының (қазіргі Өнер Академиясы) ректоры қызметінде осы оқу орнының тәуелсіздік талаптарына сай қайта жаңғыруына үлкен үлес қосты.
1995-2001жж. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрінің бірінші орынбасары, Қазақстан Мәдениет Комитетінің Төрағасының орынбасары лауазымды қызметтерін атқарып, шығармашылық және ұйымдастырушылық мол қабілет танытты, кәсіби қазақ өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Германияда, Үндістанда, Кореяда, Қытайда, Ресейде, Өзбекстанда, Қырғызстанда және тағы басқа алыс- жақын шетелдердегі мемлекеттерде өткен қазақ өнері мәдени күндерінің көркемдік жетекшісі болды.
Ұзақ жылғы режиссерлік қызметінде Абайдың 150, Жамбылдың 150, М.Әуезовтің 100, Түркістанның 1500, және Тараздың 2000 жылдық тойларында ұлттық мерекелердің қойылым топтарын басқарып, шығармашылық қызғылықты ізденістер танытты.


2001ж. қыркүйекте ҚР Мәдениет министрі бұйрығымен Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі болып тағайындалды. Содан бергі он шақты жыл ішінде осы сахнада М.Әуезовтің «Айман-Шолпан», «Абай», Н.Гогольдің «Ревизор» («Пара»), Т.Нұрмағанбетовтің «Ескі үймен қоштасу», Ә.Әмзеұлының «Қара кемпір», қырғыз драматургы Б.Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай...», И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» (Т.Аралбаймен бірге), Н.Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді», Д.Исабековтің «Жаужүрек», Т.Әбдіковтің «Ұлы мен Ұры» сынды әр сипатты пьесаларды сахнаға шығарды. Бүгінде табысты жүріп жатқан бұл көркем спектакльдер қара шаңырақ театрдың «қоғамның тәнінен адамның жанын іздегіштік» (А.Сүлейменов) бағытын айқындай түседі. Көркемдік жетекші және директор ретіндегі шығармашылық және ұйымдастырушылық толассыз еңбегі жемісін беріп келеді.

Шығармашылық зор жетістіктері, кәсіби өнерді дамытудағы ерекше еңбегі бағаланып режиссерге Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері (1975), Қазақстанның халық артисі (1988), өнертану ғылымының профессоры (1993) құрметті атақтары берілді. Театр өнеріне қосқан зор үлесі үшін «Бас тарлан-Платина» сыйлығының (2004), «Парасат» орденінің (2009) лауреаты атанды.

Режиссер шығармашылық жолында К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера-балет театрында, облыстық көптеген қазақ және орыс, сондай-ақ Орта Азия театрларында 100-ден аса спектакль қойды.
Республикалық, халықаралық көптеген театр фестивальдары қазылар алқасының төрағасы.
Басшылық жасаған театрларымен республикалық, халықаралық театр фестивальдарына қатысқан.
Қазақ Ұлттық Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының театр факультетінде сабақ береді (актерлік және режиссерлік шеберлік кафедрасы).
Республика театрларында шеберлік сабақтарын жүргізеді.
 

Отзывы