Қайрат Нұртас қайырымдылықпен айналыспақ

Қайрат Нұртас қайырымдылықпен айналыспақ


Сольный концерт Кайрата Нуртаса в Алматы!

Танымал әнші Қайрат Нұртас қараша айында Алматыда Республика сарайында өтетін жеке концертінің алдында NUR.KZ порталының тілшісімен кездесіп, оқырмандар қойған сауалдарға жауап берген еді.

Қайрат кез-келген газет-журналдың бетінен түспейтін, интернет-сайттарда ең көп талқыланатын әнші десек артық айтпаған болармыз. Қайрат туралы түрлі әңгімелер де орын алып жатады. Өркөкірек деген сын айтылады. Дегенмен біз әншімен кездесіп, сұхбат алған кезде, Қайраттың қарапайым, өмірге деген құлшынысы зор, көңілді жас өнерпаз екеніне көзіміз жетті. Қайраттың алдағы жеке концерті, болашақтағы жоспарлары мен тіршілік-тыныс туралы әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз .
- Қайрат, алғашқы келіп түскен сауалымыз: қазақ тілінен басқа қандай тілдерде ән айту бар жоспарында?
- Көбінесе әндерімді ана тілімде орындаймын. Соның арқасында халыққа танымал болдым. Бірақ жігітке сегіз өнер де аз дейді ғой. Сондықтан ағылшын және орыс тілдерінде ән жазу да бар ойымда. Қазірдің өзінде репертуарымда орыс тіліндегі әндер жоқ емес.
-Қайрат, сахнадағы обрзыңмен кім жұмыс жасайды?
- Сахнаға арналған киімдерімді бұрын Берік Исмаилов деген дизайнер, Нұржігіт ағаларымыз тігіп жүрді. Жуырда Руслан Ерімов деген жас дизайнердің көмегіне жүгінбекпін.

-Өзіңізді жұлдыз деп санайсыз ба?
- Жұлдыз деп атақты адамдарды атап кеттік қой. Әрине, халықтың қошеметін көргенде, концертіме халық сыймай, ақ тілегін айтып, батасын беріп жатқанда ондай сезім пайда болады. Құдайға шүкір, ел танып, көптеген әндерімді жақсы көріп тыңдағаннан кейін төбем көкке жетіп, марқайып қаламын.

-Ал, өзіңізге танымалдылық қашан келді?
-Студент кезімде Барахолаға (Алматыдағы ірі киім-кешек базары. ред.) барғаным бар. Кілем таңдап жүргенмін. Базардың әрбір түкпірінде , диск сататын жерлерде әндерімнің орындалып жатқанын естідім.
Өзімді бақытты сезініп, дисктерді сатушылардың біріне барып, "Мына әнді мен орындаймын" ғой десем, "Қайдағы, кетші!" деп қуып жіберді. Тағы бір жерде "Бұл "Жігіттердің" әні ғой" деп сенбеді. Содан бұрыннан бері диск сататын сары дүңгіршік болатын. Сол жерге басымды сұқсам, сатушы мені танып, қуанып қалды. Әлгі жерде мен де қуанып, автобусқа мінейін деп жатқан жерімнен, таксиге отырып кеттім (күледі).

- Түркістаннан шыққан қарапайым баладан үлкен сахнада өнер көрсетіп жүрген әртіске дейінгі жол қиын болды ма?
- Менің кіндік қаным тамған жер Түркістан - киелі қала. Екінші Мекке. Бірақ үш айлық кезімнен бастап Алматыда өстім, осы жерде өз орнымды таптым. Бәрі де балалық арманнан басталады ғой. Мені де арманым жетеледі. Еш қиындықсыз адам арманға жетуші ме еді? Алла бармақтай бақ берген шығар. Сол бақтың арқасында биіктерге жетіп жатырмын.

- Сізді көшеде жұрт танып жата ма, бұған қалай қарайсыз?

- Иә, көбіне танып жатады. Кейде бір марқайып қалам, ал кейде, керісінше, қайда барсам да, бәрі аңдып тұрғандай болып сезіледі. Еркін жүре алмаймын. Сонысы қиын. Барахолкаға бара алмай қалдым (күледі). Шын айтсам, көпшілік жүретін жерде еркін жүре алмайсын. Сахнаға алғашында шығып жүргенімде, қызық көрінетін осының бәрі. Басқа әншілердің қолтаңбасын алып жатса, неге маған келмей жатыр екен деп қапаланып қалатынмын. Үш жүз адам болсын, екі жүз адам болсын, суретке түсуге келсе де келісе беретінмін. Бірақ кейде бас тартатын кездерім де болады. Дегенмен жұрт көңіліне алып қалды ма, ренжіп қалды ма деген ойда қалам.

- Сізге анаңызбен (Қайраттың анасы – продюсері. ред.) бірге жұмыс істеу қиынға соқпай ма?

- Анаммен жұмыс істеу мен үшін рахат. Материалдық мәселелер болмайды, себебі тапқан-таянғанымызды бірге бөлісіп жейміз. Бір жақсы жері, бір жерге барғым келмесе, қатты шаршап тұрмын десем, анам түсінеді. Кейде еркелеп те алам. Ал егер басқа продюсер болса, келісімшартқа отырып қойғаннан кейін барлық қылықтарыңды тыюға тура келеді. Таңғы 5 демейсін, кеш демейсін, кез-келген уақытта жинал десе – жиналуына тура келеді. Ал анам әрдайым жанашырлық танытады. Сондықтан анаммен жұмыс істеу өте қолайлы.


- Көрші елдерде сіз көрсеткен өнер халықтың жүрегіне жетіп жата ма?
- Жылда түсетін көптеген шақыртуларға қарағанда, әндерім көңілдерінен шығатын болу керек. Осыған дейін Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, т.б. елдерде өнер көрсеттім.

- Ол концерттерде көбіне қандай жұрт жиналады. Жергілікті қазақтар ма, жоқ әлде басқа ұлт өкілдері ме?


- Өзбекстанда өзбектер көп келеді, Қарақалпақстанда – қарақалпақтар. Ал Қытайда, әрине, өзіміздің қандастар жиналады, аз-аздап қытайлықтар да келіп жатады. Ресейде, көбіне қазақтармен бірге қырғыздар келеді.

- Қайрат, 30-ншы қарашада Республика сарайында жеке концертіңіз өтеді. Әлі біз естімеген жаңа әндер орындала ма?

- "Сағындым сені" атты концертіме келген тыңдармандарым міндетті түрде жаңа әндер естиді. Бұл жолғы кешім жоғары деңгейде, керемет жаңа қойылымдармен өтеді деген үміттеміз. Еңбегіміздің нәтижесіне 30-ншы қарашада Республика сарайында, Құдай қаласа, куә болсыздар.

- Қайрат, сіздің айлық нәпақаңыз қандай?

- Жаман емес, тәубә! Өзіме жетеді.

- Сіз үнемі жұмыс істеймін деп айтасыз. Осы жұмыстан бөлек демалысқа уақыт бөлесіз бе? Қайда барып демалғанды ұнатасыз?

- Енді маған айына 3-4 күн демалыс берсе, соның өзі жетіп жатыр. Бірақ осының өзі арман болып қалады кейде. Әне-міне демалам деп жүргенде шұғыл шаруаларым шығып қалады. Әрине, әзірге концертке дайындалу үстіндемін. Бірақ, бұйыртса, қаңтар айында демалыс шығып қалады ма деген үміттемін. Негізі жұмыс істеген дұрыс қой. Жас кезімізде жұмыс істемегенде, қашан істейміз?!

Шетелде демалғанды ұнатам, 3-4 елге шығып, демалып келдім. Ол жақта демалсам, еркін жүрем. Алаңсыз демалам. Бір қапаланатыным, біздің елде де демалатын көрікті жерлер жетіп жатыр ғой. Бірақ Қазақстанда демалатын ақшаға шетелде әлдейқайда жақсырақ демалып қайтасын.

- Өміріңізде қандай қызықты жағдайлар орын алды?
- Бір рет Қызылорда қаласында әкімнің алдында көп жұлдыздармен бірге концерт беруіміз керек болатын. Бәрі жүгіріп жүр, әкім болғаннан кейін қатты дайындалып жатыр. Концертті мен тәмамдайтын болдым. Сөйтсе мен музыкалық сүйемелдеуімді досым Сырым Исабаевтың күйтабағымен шатастырып, ол да ақ түсті болатын, дыбыс беруші мамандарға соны беріп қойыптым. "Ассалаумағалейкум" деп сахнаға шықтым. Бір кезде музыка қосылып, әлгі жерде Сырымның дауысы шығады. Мен шошып кеттім. Сосын мен "Тоқтаңыздар, тоқтаңыздар! Бір минут!" деп сахна сыртына шықтым да, таксиге отырып кетіп қалдым.

Продюсері: Сол күні халық дыбыс режиссерлерге бұл сендердің кінәларың, Қайратқа өлең айтқызбадыңдар деп ашуланып кетіпті.

- Сіз жасап жүрген нағыз өнер ме, нағыз өнер болса, сыншылары неге көп?
- Білмеймін, әйтеуір маған келгенде, сыншылар көбейіп кетеді. Неге екенін білмейм маған тиісетінін.... Мүмкін кейде еркелігім кедергі болатын шығар. Бірақ үлкен аға-апаларымыз батасын беріп жатады. Бір Алла біледі тыңдармандарымның көңілінен шығу үшін барымды салам. Сын әркезде болады ғой. Оған шыдамдылық танытуға тырысамын.

- Шет елдің жас әншілері жастарды нашақорлықтан аулақ болуға, маскүнемдікке салынбау бағытындағы кішігірім ұйымдар ашып, қоғамға пайдасын тигізіп жатады. Ал сіздің қоғамға берер пайдаңыз қандай?

- Мен қайырымыдылық концерттерге көп қатысуға тырысамын. Оның сыртында достарым көп. Олардан да көмегімді аямаймын.

Продюсері: Өткенде Құрбан айтта құрбандыққа мал шалып, Балалалар үйіне барып қайттық.

Қайрат: Кеше маған бір ой келді. Енді мен бір қалада концерт берсем, әлеуметтік қорғауды қажет ететін жергілікті отбасыға концерттен түскен табысымның бір бөлігін аударып тұрсам деген ой. Ақтауда бір отбасы бар. Барған сайын қамқорлығымызды көрсетіп жатырмыз. Алланың берген нәсібі ғой, содан мен басқаларға бөліп беріп тұрсам сауап болар деген үміттемін.

- Қайрат, отандық әртістер концерттерде еш пайда таппаймыз, қайта өзіміз шашыламыз деп жатады. Бұған не дейсіз? Пайдасы шыға ма концерттен?
- Пайдасы шығады. Көп шығады. Тойдан да гөрі көп түседі. Тіпті, бізбен бірге ұйымдастыру жағынан септігін тигізген адамдар үшін көп пайда әкеледі. Ол үшін бірнеше концерт беру керек қатарынан. Билеттің бағасын дұрыс қоя білу керек. Дұрыстап, халықтың көңілінен шығатындай өлең айту керек. Шын пейілмен беріліп ән орындау керек. Қазір сахнада тек жанды дауыспен, оркестрмен ән айтып жүрмін. Осының бәрі септігін тигізеді.

- Сізге салмақты емес деген сын көп айтылады...

- Біздің эстарадада бір орында тұрып, қақиып тұрып, ән айтатын әншілер онсыз да көп. Жаның бар болғаң соң билеп, қимылдаған дұрыс қой. Әркім өзіне жарасатын дүниелерді жасайды. Бірақ әнші билеу керек, терлеу керек, беріліп ән айту керек.

- Сізді көрген оқырмандарымыз көп ойланып отырады деп айтады. Сізді мазалайтын не нәрсе?

- Мен негізі өте уайымшыл адаммын. Адам сияқты сағат 11-12-де ұйықтайын десем ұйықтай алмаймын. Бір нәрселерді уайымдап, ойлай берем. Сөйтіп таңғы бестер шамасында әрең ұйықтаймын ғой.

- Саған бір сағатқа сиқыршы болу мүмкінідігі берілсе, не істер едің бірінші кезекте?

- Ойбой! Көп қой (күледі). Әлемге амандық тілер едім!

- Қайрат, әнші болмасаңыз, кім болар едіңіз? Шәкірт тәрбиелеу бар ма ойыңызда?

- Актер болар едім. Ал, шәкірт тәрбиелеуге келер болсақ, сахнадағы достарым бар. Солардан кәсіби ақыл-кеңестерімді аямаймын. Әнді қалай таңдау керек, сахнада қалай жүріп-тұру керек бәрін айтып жүремін. Жүрегіңнен шыққан ән жүрекке жетеді. Ең бастысы соны ұмытпаңдар деуден жалықпаймын.

- Ал продюсерлікпен айналысу ойында бар ма?

- Анам продюсер бола берсін. Мен продюсер болмайм деп ойлаймын. Ол қолымнан келмейді.

- Өнерде кімді үлгі тұтасын?

- Өзім Мақпал Жүнісова, Таңат Мамырханұлы мен Саят Медеуовтың өнерлеріне ден қойып, ұнатамын.

- Сізді жуырда өзіңіз туралы кино түсіріп аяқтады деп естідік. Оқырмандарымыздың бірі "Бүкіл ТМД-ға танымал Тұңғышбай Жаманқұлов пен Асанәлі Әшімов туралы кино көрмеп едік. Есесіне солардың қатысуымен болатын Қайрат Нұртас туралы кино көретін болдық" деген комментарий қалдырған еді. Сәл ертерек емес пе өзіңіз туралы кино түсіруге?

- Сонда мен ертерек деп шал болғанда түсіруім керек пе киноны?!

Продюсері: Қайрат 18-ге келгенде газет-журналдар шулаған неге кино түсіріп жатыр деп. Қолдан келіп жатса неге түсірмеске?! Қай жаққа бармасақ бәрі сұрайды кино түсіріледі деп еді ғой, қашан шығады деп? Сосын бел будық.

- Бұл кинодан пайда табуды көздейсіз бе?
- Продюсері: Бұл киноға көп қаржы салдық. Ол қаржыға Алматыда үй алсақ па деген ойымыз болды. Астанада бірнеше баспанамыз бар, бірақ Алматыда пәтер жалдап тұрамыз. Бірақ тарихта, есте қалатын кино түсірген дұрыс болар деген оймен кірістік. Келесі жылдың наурызында фильм қалың жұртшылыққа жол тартады деген жоспарымыз бар. Сол кезде көре жатармыз қалай болатынын.
-
Қайрат: Сосын жастарға қызықты етіп түсіруге тырыстық.

- Әңгімеңізге рахмет! Сәттілік тілейміз!

 


  • Нравится